Ол циркке кез келген адам келе бермейтінін, бұл жолды тек жанкештілікке дайын, өнерді шексіз сүйетін, әр сәтін сахнаға арнауға даяр жандар ғана таңдайтынын айтқан. Айтса айтқандай, біздің кейіпкеріміз Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз арыстан үйреткен әйел және цирк саласындағы династияның басында тұрған ана Жанат Қалметованы нағыз өз саласының жанашыры дер едік.
Циркке 40 жастан асқанда қайта келді
Сарыағаш ауданында қарапайым мұғалімдер шаңырағында дүниеге келген кішкентай қыздың арманы уақыт өте келе үлкен сахнаға, кең манежге ұласқан. Ол – жеті баланың үшіншісі. Бала күнінен өнерге жақын болып өскен қыздың жүрегін ерекше баурағаны цирк әлемі болды. Қапланбек совхозындағы мәдениет үйінде алғаш сахнаға шығып, цирк өнерінің қыр-сырын меңгере бастаған ол кейін «Фантазёр» халықтық цирк ұжымының белді мүшесіне айналды. Жеті жылдан астам уақыт бойы тынымсыз жаттығып, гастрольдік сапарларға шығып, шетел мен еліміздің талай қалаларын аралады.
Жастық шағындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі 1987 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық цирк фестивалінде топ жарып, лауреат атанып, алтын медаль иеленуі болды. Бұл оның өнер жолындағы айқын жеңісі еді. Алайда тағдыр жолы оны бір сәтке сахнадан алыстатты. Мектеп бітірген соң цирк әртісі болуды армандағанымен, анасының қарсылығына байланысты басқа жолды таңдауға мәжбүр болды. Өнерді жүрек түкпіріне сақтап, отбасылық өмірге қадам басты, ана атанды. Араға жылдар салып, бала күнгі арман қайта оянды. Қырық жасқа келгенде, көпшілік тәуекелге бара бермейтін шақта, ол қайтадан манежге оралды. 2012 жылы Шымкент циркіне штаттан тыс маман ретінде келген ол, бір жылдан кейін ресми түрде цирк әртісі атанды.
«Менің бұл шешімімді көпшілік бірден қабылдай қойған жоқ. Бала күнімнен циркке қатысқанымды, халықтық цирк құрамында өнер көрсеткенімді, шетел сахналарын бағындырғанымды көбісі біле бермейтін. Сондықтан да айналамдағылардың арасында күмәнмен қарағандар аз болмады. «Цирк – жастайынан үздіксіз еңбектенуді талап ететін өнер. Жиырма жылдан астам үзілістен кейін бұл саланы алып кету қиын» деген пікірлер де айтылды. Тіпті «енді цирк әртісі бола алмайды» деген сенімсіз сөздер де естілді. Алайда мен бұл күмәндардың ешқайсына мойымадым. Себебі мақсатым айқын, арманым асқақ еді», – деген кейіпкеріміз манежге жай оралмай, үлкен сеніммен, нық шешіммен келгенін жеткізді.
Осылайша, оның бала күнгі жетістіктері де оның жігерін жанып отырды. Небәрі он бес жасында-ақ цирк фестивалінде кіші алтын медаль иеленуі оның табиғи талантының дәлелі болатын. Бүгінде сол марапаты облыстық музейдің қорына өтіп кеткені жанына батады. Қажет кезде арнайы қолхатпен ғана алып, қайта тапсырады. Бұл оның өнерге адалдығының белгісіндей. Ол үшін жетістік тек марапатпен өлшенбейді. Еңбектің еленгені, өнердің бағаланғаны кез келген адамға қуаныш сыйлайды.
Қызын төрт жасынан циркке баулыған
Ал оның өнердегі ерекше жетістігі – Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз арыстан үйреткен әйел атануы. Бұл тек кәсіби табыс емес, қайсарлық пен батылдықтың, табандылық пен сенімнің жемісі. Осындай биікке жеткен оның өмір жолы арманынан айнымай, қайта оралуға жүрегі жеткен жанның шынайы жеңісі. Мұндай батылдыққа, яғни жыртқыш аңдарды үйретуге қалай шешім қабылдағанын сұрадық. Кейіпкерімізді сол кезеңде жергілікті жерде аң үйретушілердің жоқтығы ерекше ойға жетелепті. «Адам жасағанды адам жасай алады» деген сеніммен батыл шешім қабылдап, аң үйрету өнерін меңгеруге кірістім. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін сала. Жануарларға деген сүйіспеншілігім мен мақсатымның айқындығы маған бұл жолда күш берді», – дейді ол.
Осылайша, шетелдік мамандарға тәуелді болмай, өз елімізде кәсіби аң үйретуші болуға болатынын дәлелдеді. Бүгінде ол тек цирк әртісі ғана емес, өз ісінің шебері, ұлттық өнердің жанашыры. Оның өнер жолындағы ізденісі әлі күнге дейін тоқтаған емес. Цирк әлемінде өзін таба білген жан жаңа бір белеске, аң үйрету өнеріне батыл қадам жасап, 2014 жылдың қараша айында екі айлық екі күшікті қолына алып, солармен жұмыс жүргізуді бастайды. Балапандай баптап, мейіріммен өсірген күшіктері аз уақыт ішінде-ақ сахналық нөмірге айналып, көрерменнің көзайымына айналды. Өнерге деген сүйіспеншілік оның жүрегінде ғана емес, отбасында да жалғасын тапты. Кішкентай қызын да осы жолға баули бастады. Перзенті төрт жасынан бастап анасының жанынан табылып, манеждің тынысын сезініп өсті. Төрт жарым жасынан бастап дайындыққа кірісіп, бес жасында өз қалауымен өнерге бет бұрды. Бастапқыда әуе белбеуі мен каучук жанрларына икемделіп жүргенімен, уақыт өте келе үйретілген иттермен бірге өнер көрсетуге қызығушылығы артты. Осы еңбектің нәтижесі де көп күттірмеді. 2017 жылы сегіз жасында қызы халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестиваліне қатысып, қола жүлдені иеленіп қайтты. Бұл ана мен бала еңбегінің алғашқы үлкен жемісі еді.
Алайда тағдыр оған бұдан да үлкен жауапкершілік жүктеді. 2017 жылы оның қолына екі айлық арыстан күшіктері тиді. Ол бұл сыннан да сүрінбей өтті. Жыртқыш аңдардың табиғатын түсініп, олардың психологиясын терең меңгеруге кірісті. Бұл жолда қызы да жанынан табылып, бірге үйренді, бірге шыңдалды.
Сол жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесінде Шымкент циркі «Томирис» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. Бұл қойылымда оның қызы Перизат Анарбекова кішкентай Томиристің рөлін сомдап, жеті айлық арыстан күшіктерімен бірге өнер көрсетті. Көрермендер үшін бұл тек цирк нөмірі емес, нағыз рух пен батылдықтың көрінісіне айналды. Аң үйрету тек әдіс пен жаттығу ғана емес, жүрек пен сезімнің үйлесімі екенін ол өз тәжірибесімен дәлелдеді. Өзі нәзік жанды бола тұра, айбарлы арыстанның өзін бағындыра білген қайсар ана жануарлардың мінезін түсіну үшін, ең алдымен, олардың жанында болу керектігін, аңдармен байланыс бір күнде орнамайтынын айтады. «Олармен бірге жүріп, бірге тұрып, қолдан тамақтандырып, әр сәтін бақылау арқылы ғана сенімге ие болуға болады. Уақыт өте келе олар өз балаңдай болып кетеді», – дейді ол.
Жыртқыш аң тәнін жараласа да, жанын жаралай алмады
Әрине, өзінің цирктегі жолы оңай болған жоқ. Басшылық оған серік болар ер-азамат табуға тырысқанымен, көбісі бұл істің ауырлығын, жалақысының аздығын алға тартып, кетіп қала берген. Жыртқыш аңдармен жұмыс істеуге жүрегі дауаламай, «қанша төлесеңіз де, клеткаға кірмеймін» дейтіндер де аз болмапты. Тіпті Ресейден келген тәжірибелі маманның өзі тұрақтамай, жұмысты тастап кете берген соң, ол ақырында бәрін жалғыз өзі атқаруды жөн көрді. Уақыт өте келе арыстандардың мінезі де өзгеріп, қызғаныш сезімі байқала бастады. Сол себепті ол өзгенің өмірін қауіпке тіккісі келмей, клеткаға ешкімді жолатпады. Ешқандай қару-жарақсыз, сақтандырусыз жыртқыштармен жалғыз өзі жұмыс істеді. Бар сенгені Алла және өзі берген тәрбие еді.
Оның айтуынша, цирктегі ең қауіпті трюктердің бірі – арыстанның адамның үстінен секіруі. Себебі алып жыртқыш секірген сәтте артқы аяқтары сәл ғана дәл түспесе, өткір тырнақтары пышақтай тіліп кетуі мүмкін. Салмағы екі жүз елу келіге жуық аңның бір ғана қателігі ауыр жарақатқа әкеледі. Осындай қауіптің бірі оның өз басынан да өтті. Бір күні репетиция аяқталып, арыстандарды еркін жіберген сәтте күтпеген жағдай болды. Үшеуінің бірі Шири атты ұрғашы арыстанның арқасын сипап отырғанында, кенеттен үркіп кеткен аң орнынан атып тұрып алға қарай секіріп кетті. Сол сәтте бәрі қас-қағымда болып өтті. Артқы аяғы дәл тимей, оның тізесіне соғылған. Ауырсынғанына қарамастан, ол өзін жинап алып, бір аяқпен секіріп жүріп, арыстандарды орындарына кіргізіп үлгерді. Кейін ауруханаға жеткізілгенде, дәрігерлер тізесінің шығып кеткенін анықтады. Тіпті «сүйек екіге бөлінген» деп, шұғыл операция жасау керектігін айтты. Бұл хабар оған ауыр соққы болды. Үлкен ұлы әлі студент, отбасының жалғыз асыраушысы өзі еді. Ұзақ оңалту мен күтімді талап ететін операциядан қорыққан ол тәуекелге бел буып, одан бас тартады. Ақыры қазақы емге жүгініп, сынықшыға барып, тізесін салдырып шықты. Сол күндері гастрольдік сапар да таяп қалған еді. Шардара қаласына үш мың билет сатылып қойған. Бір жағынан денсаулығы, бір жағынан ұжым мен көрермен алдындағы жауапкершілік оны қатты қинады. Соған қарамастан, жарақатына қарамай, балдақпен жүріп гастрольге шықты. Қиындыққа қарамастан, қойылым сәтті өтті.
Жанат цирк өнерін дамыту үшін жаңа бастамалар мен тың идеялар ауадай қажет екенін жақсы түсінеді. Дегенмен 2021 жылы қабылданған «жыртқыш аңдарсыз цирк» жобасы оның көңіліне қаяу түсірді. Эксперимент ретінде енгізілген бұл шешімнің салдарынан арыстандар зообаққа жіберілді. Қазір циркте маймылдар, аттар, иттер бар болғанымен, классикалық цирктің ажырамас бөлігі жыртқыш аңдар екенін алға тартады. Оның ойынша, Италия сынды елдердің цирктерінде пілдер мен жолбарыстардың өнер көрсетуі көрерменді ерекше қызықтырады. Осындай көріністер өз елімізде де болса, халықтың ықыласы арта түсетініне сенімді. «Қазір де көрермен жоқ емес, циркке келіп жатыр, бірақ жыртқыш аңдардың қатысуы бұл өнердің айбынын арттырып, аншлагпен өтетін қойылымдардың көбейетіні анық. Сондықтан менің арманым – жолбарыстарды қайта қолға алып, оларды баптап, үйретіп, цирк өнерін жаңа деңгейге көтеру», – дейді аңдарға деген сағынышын сездірген ана.
Арыстандардың зообаққа кеткен сәті Жанаттың өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болған. Жануарлармен бірге өзі де қиналды. Бірақ қандай жағдай болса да, мойымады. Қасында қолдаушысы Алла бар екенін сезініп, алға ұмтылуын тоқтатпады.
Оның жолын жалғаған үш перзенті де цирк өнерін таңдауы – ананың еңбегі мен өнегесінің айқын көрінісі. Шымкенттен шыққан цирк әулеті ретінде олар бір-біріне әрдайым демеу болып келеді. Өзара қолдау мен сенімнің арқасында ғана бұл өнердің биігін бағындыруға болады деп сенеді. Оның бүкіл ғұмыры мен арманы – цирк өнерін дамыту, жыртқыш аңдарды қайта сахнаға шығарып, ұлттық цирктің беделін асқақтату.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы










