Сот Лиза Пылаеваның өліміне қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы кәмелеттік жасқа толмаған Лиза Пылаеваның өліміне қатысты істі қарады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

— Сот алқасы іс материалдарын зерделей келе, ақтау үкімін заңды және негізді деп таныды. Бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырылды, — деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр күзде 6 жастағы Елизавета Пылаеваның жұмбақ өліміне қатысты атышулы іске нүкте қойылған болатын. Судья, Елизавета Пылаеваның өліміне қатысы бар деп айыпталған нағашы тәтесі Ольга Шмакова, нағашы әжесі Леонарда Рыжакова және бағбан Уктаб Махмудовтың қылмысы дәлелденбегенін жеткізіп, оларды кінәсіз деп таныды.

Еске сала кетейік, Елизавета Пылаева 2019 жылдың 12 мамыры күні белгісіз жағдайда қайтыс болды.

— Қызым менімен тұратын. 9 мамырда оны анасы, менің бұрынғы әйелім алып кетті. 12 мамырда ол маған кешке қоңырау шалып, қызымның аурухананың жансақтау бөліміне түскенін айтты. Ол «Лиза ескерткіш мүсіннен құлап қалды» деді. Дереу ауруханаға келдім. Дәрігерлердің айтуынша, қызым ауруханаға келгенде өлі түскен. Баламның омыртқасы сынып кеткен. Денесі жарақат алған. Бірақ үстінде бір тамшы қан жоқ. Таң қаларлық болып көрінді, — деген болатын әкесі Александр Пылаев.

Бұған дейін прокурордың айыптау актісі бойынша марқұмның ата-анасы арасындағы ажырасу процесі 2014 жылы басталған, содан кейін Лизаның анасы Александр Пылаев қыздың биологиялық әкесі емес екенін айтқан. Кейіннен бұрынғы ерлі-зайыпты бітімгерлік келісімге келген. Нәтижесінде Лиза әкесімен бірге тұрған. Ал анасы оны демалыс және мереке күндері алып кетіп жүрген. 2019 жылдың мамыр айында да осылай болған.

— Осы кезде кішкентай Лиза Пылаева үйден аулаға шығып тұрған. Ольга Шмакова өзінің отбасындағы жағдайға ашуланып, кішкентай қызға қастандық ойлаған. Қылмысты жасау үшін көлікті қару ретінде пайдаланып, кәмелетке толмаған Елизавета Пылаеваны қағып кеткен, — делінген болатын айыптау актісінде.