Ұлттық банк: Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы $74 млрд-қа дейін өседі

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекет қаржысының теңгерімділігін қалыпына келтіру екенін атап өтті. Еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік даму болжамы қаралған отырыста ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ең алдымен, инфляция 2024 жылғы 7,5-9,5%-дан, 2025 жылы 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды. Кейін инфляцияның 5%-дық ортамерзімді таргет төңірегінде тұрақтануы күтіледі.

«Инфляцияның төмендеуіне – іске асырылып жатқан ақша-кредит саясаты, әлемдік тауар нарығындағы бағаның тұрақтануы, сауда-серіктес елдердегі инфляцияның таргетке жақындауы әсер ететін болады. Сонымен қатар, энергия бағасын ырықтандыруды және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылуын өз алдына бөлек қадағалаймыз», — деп атап өтті Т. Сүлейменов.

Оның пікірінше, ерекше атап өтетін жәйт – бюджет тапшылығын азайтудың маңызы. 2025-2029 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген Ұлттық қордан алынатын трансферттердің ұлғаюы, Ұлттық банктің болжамды раундтар аясында инфляциялық болжамын өсіруге алып келуі мүмкін.

ЕКІНШІ. Төлем балансы бойынша

«Бағалауымызша, тауар экспортының өсуі барлық болжамды кезеңде жалғасады. Осы өсуге өндіру көлемін ұлғайту есебінен мұнай компоненті көптеп үлес қосатын болады. Мұнайға жатпайтын экспорт түстi және қара металдардың, кеннiң, сондай-ақ уранның жоғары әлемдiк бағаларынан қолдау табады. Үкіметтің болжамдарына сәйкес, шикізатқа жатпайтын экспорт та ұлғаяды», — деді Ұлттық банк төрағасы. 

2025 жылғы экспорт 2024 жылғы $80,8 млрд-тан $82,3 млрд-қа дейін өседі. Төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауар импорты 2023 жылдың жоғары деңгейінен асып, болжамды кезеңде өсе түседі. 

«Импорт көлемі 2025 жылы $61,3 млрд-қа жетеді. Импорттың жоғары көлемінің негізгі себептері: халық пен бизнестің қажеттіліктері, өндірістік тізбектегі шетелдік құраушының елеулі үлесі, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру. Осылайша, төлем балансының ағымдағы шоты ортамерзімді перспективада тапшылық аумағында қалады», — деп мәлімдеді Т. Сүлейменов.

ҮШІНШІ. Ұлттық қор.

Қор параметрлерінің болжамы осы және келесі жылдары қосымша трансферт тарту туралы шешімдерге негізделген. Осылайша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы $57,8 млрд деңгейінде бағаланады, ал 2027 жылы $74 млрд-қа дейін өседі.

Бұл сомаға облигациялық несилер мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу кіреді. 2025 жылға 5,4 трлн теңге көлемінде қаражат тарту жоспарлануда.

Ал, кейінгі болжам жасалған жылдары трансферт көлемі тарихи көлемнен едәуір төмен болады. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдары трансферт сомасы тек 2 трлн теңгені құрап отыр. Ұлттық банк басшысының айтуынша, аталған жылдарда нысаналы трансферт көзделмеген.

«Біз, әрине, Ұлттық қордан қаражат алуды азайту шараларын қолдаймыз. Сонымен бірге, егер салық реформасы аясында республикалық бюджеттің кірісін едәуір арттыру бойынша елеулі және жүйелі шаралар іске асырылмаса, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан қосымша қаражат алуды талап ететін тәуекел бар, жоқ емес», — деді ол.

Тимур Сүлейменовтің пікірінше, республикалық бюджеттің кірісін толықтыру мәселелері жаңа Салық кодексі, Үкіметтің жекешелендіру және фискалдық тәртіпті жақсарту жоспарлары аясында қаралуы тиіс.

«Ұлттық банк инфляцияны одан әрі төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырады. Біз Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын Үкіметтің басқа макроэкономикалық саясаттарымен тығыз үйлестіруді жоспарлап отырмыз», — деп түйіндеді ол баяндамасын.