Ұлттық банк Қазақстандағы бизнес-ахуалдың жақсарғаны туралы хабарлады: іскерлік белсенділік индексі 51,6 пункт деңгейінде

Ұлттық банктің сауалнамалары негізінде жасалатын іскерлік белсенділік индексі биылғы қараша айының қорытындысы бойынша ұлғайып, 51,6 тармақты құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрсеткіш он ай қатарынан оң аймақта қалып отыр. Қызметтер бойынша индекс 51,5, өндіріс бойынша – 53,1 тармақты құрады. Қарашада бизнес-климат индексі ұлғайып, оң көрсеткіште қалыптасты. Қазіргі және болашақ бизнес шарттары оң бағалануда. 

«Қарашаның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,4% деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның баяулауына азық-түлік тауарларының дезинфляциясы ықпал етуде. Алайда соңғы айда оның 5,4%-ға дейін жылдамдауы тіркелді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі аз ғана баяулап, 8%-ды құрады. Ақылы қызметтер инфляциясы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүргізілуіне және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауына байланысты, ең үлкен өсім – 13,3%-ды көрсетуде», — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Айлық инфляцияға келсек, қарашада айлық инфляция өткен айдағы деңгейде сақталды. Ол 0,9% құрап, орташа тарихи мәнінен жоғары қалыптасты.

Ішкі экономикада фискалдық ынталандырумен туындаған тұрақты ішкі сұраныс, инфляциялық күтулердің артуы және реттелетін бағалардың өсуі аясында проинфляциялық қысым сақталып отыр.

Сыртқы ортадағы тәуекелдер бөлігінде ірі сауда серіктесіміз – Ресейде инфляцияның жеделдеуі және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағаның өсуі байқалады. Бұл жағдайда Ұлттық банк 29 қарашада базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. 

Қаржы және энергетика нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында Ұлттық банк инфляцияның 5%-дық орта мерзімді таргетке баяулау траекториясын қадағалап, ол үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін мұқият бақылайтын болады. 

«Қарашада теңгенің айырбас бағамы бірқатар факторларға байланысты бір доллар үшін 512,52 теңгеге дейін, яғни 5%-ға әлсіреді. Доллардың жаһандық нығаюы, шикізат тауарлары бағасының өзгеруі және геосаяси жағдайдың шиеленісуі аясында әлемде дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі байқалды. Еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялардың енгізілуінен рубльдің әлсіреуі жеделдеді», — деп атап өтті Ұлттық банк басшысы. 

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттердің шетел валютасына сұранысының артуы және ұсыныстың азаюы, сонымен қатар айырбас бағамының психологиялық деңгейінен асып кетуі орын алды.

Бірқатар факторлардың нашарлауына байланысты тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу және шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету мақсатында қараша айының 15 мен 28 аралығында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізді.

«Теңгенің бұдан кейінгі динамикасы төлем балансына, нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздікті болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстанатын болады», — деді спикер.

Тимур Сүлейменов сондай-ақ төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы биылғы 9 айда $0,3 млрд құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнің $6,7 млрд-пен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұған сауда балансының жақсаруы себеп болып отыр. 

Қарашаның нәтижесі бойынша жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 9,5%-ға өсіп, $105 млрд-ты құрады. Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері жыл басынан 23%-ке артып, $44,2 млрд болды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1,3%-ға ұлғайып, $60,8 млрд-ты құрады. Жыл басынан қорға түскен қаражат сомасы 3,7 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 5,3 трлн теңге болды. Ұлттық қордың инвестициялық табысы 9,5% немесе $5,7 млрд-ты құрады. 

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері оң динамиканы көрсетуде. Жылдың басынан зейнетақы активтері 22,7%-ға өсіп, 21,8 трлн теңгені құрады. Жыл басынан инвестициялық табыс көлемі 2,8 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 2,3 трлн теңгеге жетті және былтырғымен салыстырғанда 19%-ға ұлғайды. Қаражатты мерзімінен бұрын алу сомасы 495,6 млрд теңгені құрады», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.