CNBC телеарнасының болжамына сүйенген Aikyn.kz гуманоид роботтар жарысындағы қытайлық стратегияның мәнін түсіндіреді.
Роботтарды өндірісте қолдану бастамасы Қытайдың 2030 жылға қарай жаһандық технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізу стратегиясының маңызды бөлігіне айналып отыр. Бейжіңдегі гуманоид (адам тәрізді) роботтарды оқыту орталығында жүздеген маман роботтарға қарапайым қозғалыстардан бастап күрделі өндірістік операцияларға дейін үйретеді. RealMan Intelligent Technology компаниясының маманы Кеннет Реннің айтуынша, негізгі мақсат – роботтарды өз бетінше шешім қабылдауға бейімдеу.
«Біз роботтарды өздігінен ойлауға үйретіп жатырмыз», – дейді ол.
Қытайлық мемлекеттік ақпарат құралдары бұл орталықтарды тіпті «роботтар мектебі» деп атайды. Бұнда роботтар зауыттағы тауарларды сұрыптауды, дүкен сөрелерін реттеуді, тазалық жұмыстарын жүргізуді, массаж жасауды және металл өңдеуді үйренеді. Оқу процесі өте қарапайым көрінгенімен, артында үлкен еңбек жатыр. Нұсқаушылар арнайы камералар мен қозғалысты бақылау жүйелері арқылы белгілі бір әрекеттерді қайта-қайта көрсетеді. Робот осы мәліметтерді жинақтап, кейін тапсырманы өздігінен орындай бастайды.
Бұрын сурет пәнінің мұғалімі болған Фуди Ло бүгінде роботтарды өндірістік желіде жұмыс істеуге үйретеді. Оның айтуынша, робот бастапқыда ештеңе түсінбейді.
«Алғашында роботты қолмен басқаруға тура келеді. Бірақ менің қозғалыстарым дерекке айналған сайын робот үйренеді және кейін тапсырманы өзі орындай алады», – дейді ол.
Beijing Inspire-Robots Technology стартапы роботтың қолдарын жетілдірумен айналысады. Компания өкілдерінің мәліметінше, бір жаңа дағдыны меңгеру үшін робот қолына шамамен 10 мың жаттығу қажет.Қазіргі таңда Қытайда роботтар тек зертханаларда ғана емес, нақты жұмыс орындарында да сынақтан өтіп жатыр. Олар аспаз, даяшы, бармен, жол қозғалысын реттеуші және шағын дүкен қызметкері ретінде жұмыс істеуде. Әзірге көптеген роботтарға адамның көмегі қажет. Бірақ мамандар бұл уақытша кезең деп есептейді. Олардың пікірінше, бірнеше жылдан кейін көптеген операцияларды роботтар толықтай өздігінен орындайтын болады.
Бұл бағыттағы бәсеке әлемдік деңгейде күшейіп келеді. Tesla басшысы Elon Musk Optimus роботтары туралы айта отырып, Қытайды ең маңызды қарсылас ретінде атады. Оның пікірінше, Қытайдың басты артықшылығы – технологияны жаппай өндіріске өте жылдам енгізу қабілеті. Дегенмен қытайлық мамандар роботтардың адамдарды толық алмастырмайтынын айтуда.
«Біздің мақсатымыз – қауіпті немесе адамдар орындағысы келмейтін ауыр әрі бірсарынды жұмыстарды роботтарға беру. Біз адамдарды толық ауыстыруды көздеп отырған жоқпыз», – дейді Кеннет Рен.
Соған қарамастан, Қытайдың қазіргі қадамдары роботтардың болашақ еңбек нарығындағы рөлін түбегейлі өзгертетінін көрсетеді.










