Өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру оң динамиканы көрсетуде. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылы өндіріс көлемі 21,6 трлн теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 4,1%-ға (2021 ж. ― 17,1 трлн теңге, 2022 ж. ― 20,7 трлн теңге) өсті. Ол машина жасау (+25,4%), ағаш өңдеу (+38,0%), жеңіл өнеркәсібі (+12,2%) және құрылыс өндірісі (+6,1%) арқылы қамтамасыз етілді.
Инвестиция көлемі 11,2%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгені құрады. Оның өсімі басқа көлік құралдарын өндіруге 7 есе, киімді – 5,6 есе, жиһазды – 4 есе және автоөнеркәсібіне – 3,5 есе артық инвестициялау арқасында қамтамасыз етіледі.
Өнім экспорты 25,3 млрд долларды құрады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 928 млрд теңгені құрайтын 170 инвестициялық жоба іске қосылып, 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
«Бүгінгі таңда өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету тетігі әзірленді. Ол кәсіпорындардың қуаттарын толық пайдалану үшін шикізат экспортынан ішкі нарықты қанықтыруға басымдық беруді көздейді. Бұл стандартты енгізу 10-нан астам жаңа жобаны асыруға және алюминий өңдеуді 2029 жылға қарай 166 мың тоннаға (елде шығарылатын өнімнің 64%), қорғасынды 81 мың тоннаға (79%) және мысты 91 мың тоннаға (22%) дейін арттыруға мүмкіндік береді», ― деп хабарлады ҚР ӨҚМ.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпорындарды шикізатпен, қолжетімді қаржыландырумен, кадрлармен, өтімді ынталандырумен, сондай-ақ нысаналы салаларға арналған шаралармен қамтамасыз ететін 2024-2028 жылдары Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Сонымен қатар, инвестициялар мен өндіріс көлемінің 40%-ға өсетінін жобалайтын 2024-2028 жылдары Сирек және сирек жер металдар өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары да қабылданды.
Ағымдағы жылы өңдеу өнеркәсібінде 17,8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашумен жалпы құны 1,3 трлн теңгеге жуық шамамен 180 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.