Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу мақсатында Минскіге барды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті. Сауда-экономикалық, өнеркәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Екіжақты тауар айналымы былтыр $912 млн-ды құрады. Сауда ағындарын әртараптандыру және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту шаралары қаралды. Қазақстан шамамен $265 млн сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы бірлескен жобалар — екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Бүгінгі таңда жалпы құны $200 млн-нан асатын тракторлар мен комбайндарды және өзге де техниканы құрастыру бойынша 11 жоба іске асырылды, 1,6 мың жұмыс орны ашылған. Тараптар қазақ-беларусь әріптестігінің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмысты жалғастыру ниетін растады.
Олжас Бектенов «Белагро-2024» халықаралық көрмесіне қатысып, «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Сессияға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан үкіметтерінің басшылары, Армения вице-премьері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.
ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету басты міндет болып қала бермек. Қазақстан Орталық Азиядағы астық пен ұнның негізгі өндірушісі бола отырып, өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдаланады. ҚР әлемдік азық-түлік экспорттаушыларының ТОП-25 қатарына кіреді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне жеткізіледі. Оның экспорты соңғы 5 жылда екі есеге өсіп, $5,4 млрд-қа жетті.
«Елімізді дамытудың стратегиялық басымдықтарының бірі – агроөнеркәсіп кешені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдына ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін одан әрі арттыра отырып ауыл шаруашылығы саласын терең өңдеу деңгейіне жеткізу міндетін қойды. Еліміз 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Бұл ретте біздегі экспорттың құрылымы белсенді түрде өзгертіліп, терең өңдеу өнімдеріне басымдық беріледі. Біз Қазақстанда локализациялаумен бірлескен қайта өңдеу өндірістерін ашуға мүдделіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстан Премьер-Министрі ЕАЭО-ға қатысушы елдердің 600 млн-ға жуық адамның азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуетіне назар аударды. Ол үшін Одаққа қатысушы барлық мемлекеттің қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, ұлттық деңгейлерде азық-түлік жеткізу тәсілдерін үйлестіру қажет.
«Озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті, экологиялық және экспортқа бағдарланған өнім шығару үшін тығыз кооперациялық байланыс орнату біздің негізгі міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Орталық Азия арқылы жаңа логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту және Қытайға жеткізетін қолданыстағы бағыттардың өткізу қабілетін арттыру перспективаларды кеңейте түспек», — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов логистика мен сақтау жағдайларына байланысты ауыл шаруашылығы өнімін жоғалту мәселесін шешу, сондай-ақ жаһандық жылыну, су тасқыны мен құрғақшылық секілді маусымдық сын-тегеуріндерді сараптамалық бағалау жұмыстарын ескере отырып, агроазық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын нығайту үшін қажетті шараларға тоқталды. Сонымен қатар қазіргі заманғы аграрлық ғылымды дамыту және АӨК-те инновацияларды белсенді түрде енгізу мәселесі ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ «Белагро-2024» көрмесінде Қазақстан Республикасының ұлттық экспозициясы да қаралды. Онда комбайндар, тракторлар, жаңбырлатып суару аппараттары секілді отандық ауыл шаруашылығы техникалары мен АӨК терең өңдеу өнімдері ұсынылған. Бұған қоса қазақстандық аграрлық ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми жетістіктері, мәселен, егістіктерді өңдеу үшін қолданылатын дрон, селекциялық жетістіктердің патенттері, оның ішінде алманың 4 сұрпы көрсетілді.