Инвестиция тарту жөніндегі кеңес отырысында жобаларды «жасыл дәліз» тетігіне енгізу критерийлері қаралды

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.

Талқылау шеңберінде инвестициялық жобаларды «Жасыл дәліз» тетігіне енгізу критерийлері қаралды. Аталған критерийлер ашықтықты арттыруға және инвесторлардың атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған.

Жиын барысында Инвестициялар туралы келісімнің тетігін жақсартуға ерекше назар аударылды. Ұсынылған тетік өтінімдерді қарау уақытын 12 айдан 3 айға дейін қысқартуға және рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған, бұл инвестициялар саласында неғұрлым тиімді жұмыс істеуге ықпал етеді.

Сонымен қатар автожол құрылысы саласына инвестиция тарту мәселесі қаралды. Жалпы, инвестициялық масштабта бекітілген шаралар отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және оларды ірі автожол жобаларын іске асыруға тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ отырыста қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Бұл сала инвестиция тарту үшін перспективалы салалардың бірі болып саналады.

Отырыс шеңберінде фармацевтика және қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы жекелеген инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелері көтерілді.

Өңірлік деңгейде Қарағанды облысы әкімдігінің инвестиция тарту жөніндегі қызметі қаралды. Өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 50 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.

Отырыс қорытындысына сәйкес, жауапты мемлекеттік органдарға Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің ерекше бақылауында болатын тапсырмалар берілді.