ЖИ дата-орталықтары АҚШ-тағы жаңа саяси дауға айналды

Quartz хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалықтардың электр қуаты тапшылығына алаңдаушылығының себебін түсіндіреді.

Соңғы зерттеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай АҚШ-та электр энергиясының көтерме бағасы 29%-ға дейін өсуі мүмкін. Ал дата-орталықтар көп шоғырланған Вирджинияда бұл көрсеткіш 57%-ға дейін жетуі ықтимал. Gallup жүргізген сауалнама америкалықтардың шамамен 70%-ы өз елді мекенінде ЖИ дата-орталығының салынуына қарсы екенін көрсеткен. Негізгі алаңдаушылық – жергілікті энергия жүйесіне түсетін салмақ және коммуналдық төлемдердің қымбаттауы. YouGov пен Economist сауалнамасы да қоғамда ЖИ дамуы тым жылдам жүріп жатыр деген пікірдің күшейгенін байқатты.

Бұл наразылық жергілікті саясатқа да әсер ете бастады. Миссури штатындағы Фестус қаласында тұрғындар 6 млрд долларлық дата-орталық жобасын мақұлдаған төрт қалалық кеңес мүшесін қызметінен шеттетті. Мэннен Аризонаға дейінгі бірқатар штаттарда тұрғындар жаңа нысандарға тыйым салуды талап етуде. Data Center Watch дерегінше, 2024 жылы жергілікті қарсылық салдарынан 156 млрд долларлық 48 жоба тоқтатылған немесе кейінге қалдырылған.

Мәселенің өзегі – нақты қаржылық ауыртпалықта. Environmental Research Letters журналында жарияланған зерттеу дата-орталықтардың АҚШ-тағы электр энергиясына сұраныстағы үлесі бес жыл ішінде 1,9%-дан 4,4%-ға өскенін көрсетті. Солтүстік Каролина мемлекеттік университетінің зерттеушісі Джереми Джонсон: «Біз айтып отырған сұраныстың ауқымы шынымен өте үлкен», – дейді.

Энергия сұранысының өсуі экологиялық салдарға да әкелуі мүмкін. Зерттеушілер электр жеткізушілер табиғи газға көбірек сүйеніп, тоқтап тұрған көмір станцияларын қайта іске қосуы да мүмкін екенін ескертеді.

Дата-орталықтардың экономикалық тиімділігі де сұрақ тудырып отыр. Вирджиния 2025 қаржы жылында салықтық жеңілдіктер салдарынан 1,6 млрд доллардан астам кірістен айырылған, ал сала небәрі 1 610 жаңа жұмыс орнын құрған.

ЖИ индустриясы Anthropic, OpenAI және Meta сияқты компаниялар арқылы саяси ықпалын күшейтуге тырысуда. Бірақ қоғамдық наразылықтың жылдам өсуі бұл мәселенің алдағы сайлауларда да маңызды тақырыпқа айналатынын көрсетіп берді.