Ақтөбе облысында өткен жылы жарты тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Ақтөбе облысында өткен жылы жарты тоннаға жуық есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Өткен жылы Ақтөбе облысының аумағында 279 есірткі саласындағы құқық бұзушылық анықталды, оның 136-сы — қылмыс, ал 143-і – есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық теріс қылықтар. Жедел іс-шаралар барысында 450 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Тәркіленген есірткінің ең көп үлесін құраған марихуана болды, оның жалпы салмағы  320 келіден асты, сонымен қатар 8 келіге жуық гашиш және 9 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

2024 жылдың басында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласында жедел іс-шаралар барысында көрші облыстың тұрғынынан 10 келіден астам марихуана есірткісін тәркіледі. Сот оны қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге 10 жылға бас бостандығынан айырды.

К үзде гараж кооперативінде орналасқан синтетикалық есірткі өндірісінің жасырын зертханасы анықталды. Зертханадан 3 кг астам мефедрон алынды. Бұл іс бойынша тергеу жалғасуда.

Сонымен бірге есірткі мен психотроптық заттардың таралу арналарын, соның ішінде есірткі заттарын сату үшін пайдаланылған  интернет-сайттар мен QR-кодтарды анықтау мен бұғаттау бойынша жұмыс жанданды.

Сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен шамамен 2,5 кг есірткі тәркіленді.