Алайда 2029 жылға қарай апатты және тозығы жеткен үйлердегі 26 972 меншік иесінің 11 319-ына ғана жаңа пәтер беру жоспарланған. Жоспар толық орындалған күннің өзінде 15 653 меншік иесі ескі үйлерде қалуы мүмкін. Өңірлер арасындағы айырмашылықтың тым үлкен болуы, қаржы мен инвестор тапшылығы және меншік иелерінің келісімін алу талабы көшіру қарқынын тежеп отыр.
Қазақстандағы 61 367 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 037-сі апатты, 3 347-сі тозығы жеткен деп танылған. Демек, ел бойынша жаңартуды немесе бұзуды қажет ететін 4 384 үй бар. Бұл үйлерде шамамен 27 мың меншік иесі тұрады.
Соңғы үш жылда 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 352 ескі үй сүріліп, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Осы уақыт ішінде 6 155 меншік иесі жаңа баспанаға көшірілді. Алайда жаңадан салынған 200 үй елдегі көппәтерлі тұрғын үй қорының небәрі 0,3 пайызына тең.
2025 жылы мәслихаттар мен әкімдіктерге апатты және тозығы жеткен үйлерді реновациялаудың өңірлік бағдарламаларын қабылдау құзыреті берілді. Бағдарламаларды жергілікті бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен жүзеге асыру көзделген. Дегенмен өңірлердегі жоспарларға қарағанда, реновация қарқыны елдің барлық аумағында бірдей емес.
Өңірдегі жоспардың орындалуы әркелкі
2026-2029 жылдарға арналған көрсеткіштерге сәйкес, өңірлердегі реновация жоспары 1 пайыздан 75 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. Ең төмен көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Мұндағы 334 апатты және тозығы жеткен үйдің үшеуін ғана жаңарту жоспарланған. Бұл жалпы қажеттіліктің 1 пайызына тең.
Ақмола облысында 139 үйдің үшеуі, Қарағанды облысында 136 үйдің төртеуі, Алматы облысында 409 үйдің 17-сі реновация бағдарламасына енген. Бұл өңірлердегі жоспар тиісінше 2, 3 және 4 пайызды құрайды. Ұлытау облысында 515 үйдің 26-сын жаңарту көзделген. Қажеттіліктің небәрі 5 пайызын қамтитын бұл көрсеткіш апатты және тозығы жеткен тұрғын үй қорының ауқымымен салыстырғанда тым төмен.
Абай облысында 183 үйдің 15-ін, Солтүстік Қазақстан облысында 242 үйдің 26-сын, Түркістан облысында 57 үйдің 10-ын жаңарту жоспарланған. Олардың үлесі тиісінше 8, 11 және 18 пайызға тең.
Алматы қаласында көрсетілген 1 366 үйдің 263-і реновация жоспарына енгізілген. Бұл – 19 пайыз. Жетісу облысында 78 үйдің 16-сын, Атырау облысында 201 үйдің 48-ін, Қызылорда облысында 69 үйдің 17-сін жаңарту көзделіп отыр. Бұл үш өңірдегі қамту деңгейі 20-25 пайыз аралығында.
Шығыс Қазақстан облысында 145 үйдің 41-і, Қостанай облысында 13 үйдің төртеуі бағдарламаға енген. Шымкент қаласында 112 үйдің 53-ін жаңарту жоспарланып, қамту көрсеткіші 47 пайызға жеткен. Ақтөбе облысында 41 үйдің 28-і, Маңғыстау облысында 134 үйдің 101-і жаңартылуға тиіс. Осылайша, ұсынылған жоспар бойынша ең жоғары көрсеткіштер Ақтөбе облысында – 68 пайыз, Маңғыстау облысында 75 пайыз болып отыр.
Жалпы, 17 өңірдегі жағдай көңіл көншітпейді. 2029 жылға қарай апатты және тозығы жеткен үйлердің меншік иелерін толық көшіруге Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстары ғана дайын екенін мәлімдеген. Қалған өңірлердегі мыңдаған адамның қашан қауіпсіз баспанаға көшетіні әлі белгісіз.
Әкімдіктер 2029 жылға дейін ескі үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй салып, 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл көшірілуге тиіс меншік иелерінің 42 пайызын ғана қамтиды. Қалған 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен үйлерде тұра беруі ықтимал.
Бір адамның қарсылығы тұтас жобаны тоқтата ма?
Бұл жұмыстың неліктен баяу жүріп жатқанын Алматыдағы реновация бағдарламасының жүзеге асу барысынан да байқауға болады. Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова келтірген мәлімет бойынша, қалада ескі әрі сейсмикалық тұрақтылық талаптарына сай емес 1 366 көппәтерлі үй бар. Ондағы 14 430 пәтерде 43 мыңнан астам адам тұрады.
Бұл үйлердің 71-і тектоникалық жарылымдардың үстінде орналасқан. Тағы 192 үй болашақта жолдар мен көлік айрықтары салынатын аумақтарға кіріп отыр. Сарапшы келтірген 1 366 саны ескі және сейсмикалық талаптарға сай емес үйлерді білдіреді.
2024 жылғы қарашада Алматы мәслихаты 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасын бекітті. Құжат бойынша 676 ескі үй сүріліп, олардың саны 1 366-дан 690-ға дейін азаюы керек. Бағдарлама аясында шамамен 7 500 меншік иесін көшіру көзделген.
Алайда алғашқы нәтижелер межеге сай келмеді. 2025 жылы 78 үйді бұзу жоспарланғанымен, іс жүзінде шамамен 18 үй ғана сүрілген. Қыркүйекке дейін 390 адам жаңа пәтерге көшірілген. Ал жылдық жоспар 667 адамды қамтыған.
– Қолданыстағы тәртіп бойынша көппәтерлі үйді реновациялау барлық меншік иелерінің келісімінен кейін ғана басталады. Тәжірибеде дәл осы кезең ең күрделі әрі ұзаққа созылатын кезеңге айналады. Бір ғана меншік иесінің қарсылығы бүкіл үйдің, кейде тіпті тұтас кварталдың жобасын тоқтатып қоюы мүмкін, – дейді Диляра Сейтнұрова.
Бағдарламаға қатысатын инвесторларға да бірқатар талап қойылады. Құрылыс компаниясы тұрғын үйлерді сатып алуға және меншік иелерін көшіруге жеткілікті қаражаты барын растауға тиіс. Сондай-ақ тұрғын үй саласында кемінде екі жылдық тәжірибесі болуы, бұған дейін кемінде 10 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруі және қаржылық тұрақтылық талаптарына сай келуі қажет.
– Мұндай талаптар тұрғындар мен қаланың мүддесін қорғайды, өйткені жобаларды тек қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялардың жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бірақ сонымен бірге әлеуетті инвесторлар шеңберін едәуір тарылтады, – дейді сарапшы.
Реновацияны тежейтін тағы бір себеп – қаржыландыру. Бұрынғы бағдарламалардың басым бөлігі жеткілікті қаражат бөлінбегендіктен, толық орындалмаған. Қазіргі модель инвесторларға тұрғын үйлерді сатып алу және жаңа баспана салу үшін қайтарымды мақсатты қарыз беруді көздейді. Ендігі мәселе осы қаржылық тетіктің іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне байланысты.
2012 жылдан бері Алматыдағы екі бағдарлама аясында 181 үй сүрілген. Бұл – жылына орта есеппен 15 үй. Қазіргі бағдарлама заңнамалық базаға, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына және жеке қаржыландыру тетігіне сүйенеді. Алайда 2030 жылға дейінгі мақсатқа жету үшін бұзылатын үйлер мен көшірілетін меншік иелерінің санын айтарлықтай көбейтіп, бағдарламаға жаңа инвесторлар тарту қажет.
Үздіксіз жүретін үдеріс
Апатты тұрғын үй қорын бір рет жаңартып, мәселені түпкілікті жауып тастау мүмкін емес. Бір үйлер сүріліп, тұрғындары көшірілгенше, пайдалану мерзімі аяқталған басқа ғимараттар тозығы жеткен немесе апатты нысандар қатарына қосылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, республикалық маңызы бар қалаларда реновация белсенді жүріп жатыр. Ал облыстық маңызы бар қалалардағы жұмысты заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер арқылы жандандыру көзделген.
– Ескі апатты тұрғын үйлерден толық арылу мүмкін емес. Дегенмен апатты үйлер пайда болған сайын оларды реновация тетіктерімен қамту үшін бар күшімізді салып жатырмыз, – деді Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның түсіндіруінше, реновация белгілі бір мерзімде басталып, аяқталатын науқан емес. Тұрғын үй қоры үнемі техникалық тексеруден өтіп, пайдалану мерзімі аяқталған ғимараттардың жағдайы қайта бағалануы керек.
Демек, мәселені тек жаңа үй салумен шешу жеткіліксіз. Қай үйдің қашан техникалық тексеруден өтетіні, қай жылы сүрілетіні, тұрғындарының қайда көшірілетіні және оған жұмсалатын қаржының көзі алдын ала айқындалуы қажет. Әйтпесе бір өңір ескі үйлердің басым бөлігін жаңартып жатқанда екінші өңірдегі жұмыс бірнеше пайыздық көрсеткіштен аса алмай қалады.
Әр меншік иесіне нақты мерзім керек
«Әділет» партиясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында реновация бағдарламалары барлық өңірде басталғанымен, олардың орындалуы мардымсыз екенін атап өтті.
– Бүгінде «Әділет» партиясының бағдарламалық міндетінде республика бойынша тұрғын үй реновациялауды аяқтап, 30 мыңға жуық меншік иесін қауіпсіз баспанаға көшіру көзделген. Сонымен қатар уәкілетті орган ұсынған ақпарат негізінде жүргізілген талдау реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшілік бар екенін анықтады. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз, – дейді депутат.
Әмірбек Оспанбековтің пікірінше, өңірлік бағдарламаларды бөлек қабылдау жеткіліксіз. Оларды ел көлемінде үйлестіріп, орындалуын тұрақты бақылау қажет. Осы мақсатта депутат Үкімет жанынан арнайы комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ облыс әкімдері кіруге тиіс.
Комиссияның міндеті – республика бойынша апатты және тозығы жеткен үйлерді реновациялау жобаларының орындалуын қадағалау. Депутат әр өңірдегі әрбір меншік иесін көшірудің нақты мерзімі көрсетілген бірыңғай жол картасын әзірлеу қажет деп есептейді. Құжатта үйдің қашан сүрілетіні, тұрғындардың қай кезде көшірілетіні, жаңа баспананың қандай қаражатқа салынатыны және іске жауапты орган көрсетілуі керек.
Бірыңғай жол картасының орындалуы жөніндегі ақпарат Құрылтайға тоқсан сайын берілуі ұсынылған. Сонымен бірге реновация жұмыстарының нәтижесін барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін бағалайтын көрсеткіштердің қатарына енгізу қажет.
– 2029 жылға қарай әкімдіктер апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42 пайызын құрайды. Алайда 15 653 меншік иесінің апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып қою қаупі бар, – деді Әмірбек Оспанбеков.
Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесі бір реттік бағдарлама аясында шешіле қоймайды. Қоныс аударуды күтіп отырған мыңдаған меншік иесі бар, ал реновация жүріп жатқанда тұрғын үй қорының өзге бөлігі де тозуы мүмкін. Сондықтан үйлерді уақтылы тексеріп, апатты деп танылған нысандарды жаңарту мен тұрғындарды көшіруді тұрақты жүргізу қажет.
Кәмила ДҮЙСЕН







