Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумында 235 миллион АҚШ долларына келісімшарт жасалды

Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық және ауғанстандық компаниялар жалпы сомасы шамамен 235 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдерге, меморандумдарға және коммерциялық келісімшарттарға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Миссия аясында 50-ден астам қазақстандық компания мен Ауғанстанның бизнес қауымдастығының 300-ден астам өкілін біріктірген ауқымды B2B-кездесу ұйымдастырылды. Миссияның басты оқиғасы қазақстандық тауарлар мен қызметтердің мамандандырылған көрмесі болды. Көрме отандық өнімдерді ауған нарығына ілгерілету мақсатында ұйымдастырылып, оған агроөнеркәсіптік кешен, тамақ, тоқыма, химия және фармацевтика салаларындағы қазақстандық компаниялар қатысты.

Көрме келушілерінің ерекше қызығушылығын қазақстандық кондитерлік өнімдер, бал, табиғи шырындар, алкогольсіз сусындар және өсімдік майы тудырды. Іскерлік бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде қазақтың ұлттық тағамдарының дәм тату рәсімі ұйымдастырылды. Әсіресе Қызылорда күрішінен дайындалған палау көпшіліктің назарын аударып, оның жоғары тұтынушылық қасиеттері мен экспорттық әлеуетін айқын көрсетті.

Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – ауғандық Nesar Elyas Trading LTD компаниясы мен «Маслозавод Туркестан» ЖШС арасында күнбағыс майын жеткізу жөніндегі 10 жылдық меморандумның жасалуы болды. Сондай-ақ «Шабыт» ЖШС Speranza сауда белгісімен шығарылатын жарма өнімдерін жеткізу бойынша 15 млн АҚШ долларына меморандумға қол қойды.

Қазақстанның Астық өңдеушілер одағы мен Ауғанстанның Сауда-инвестициялық палатасы бидай ұны мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспортын дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Konsung Technology компаниясы, Қазақстан-Ауғанстан инновациялық технологиялар алмасу орталығы (KAITEC) және ауғандық Gayur Amir Zo LTD компаниясы арасында Ауғанстан нарығында заманауи медициналық технологияларды ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Ауған тарапының ерекше қызығушылығын Konsung Technology әзірлеген HES-7 портативті денсаулық диагностикасы жүйесі тудырды. Бұл жүйе пациенттің тұрғылықты жерінде функционалдық және зертханалық диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Ауғанстанның көптеген елді мекендерінің шалғай орналасуын және бірқатар өңірлерде медициналық инфрақұрылымға қолжетімділіктің шектеулі екенін ескере отырып, мұндай шешімдер халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді кеңейтудің тиімді құралы ретінде қарастырылуда.

Іскерлік бағдарламаның тағы бір нәтижесі – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген қазақстандық Samsar Holding компаниясы мен ауғандық Amo Tracks Trading and Logistics Company арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Тараптар кокс өндіру және электр энергиясын генерациялау бойынша көмір жылу электр станциясын бірлесіп салу жобасын іске асыру жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізді. Жоба құны 20-30 млн АҚШ долларына бағалануда. Қазіргі уақытта тараптар шикізат базасының сипаттамалары мен болашақ өндірістік кешеннің параметрлерін зерделеуді қоса алғанда, жобаның техникалық мәселелерін пысықтауда.

Сауда-экономикалық миссияның қорытындылары ауған нарығының қазақстандық өнімге деген қызығушылығының артып келе жатқанын және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің жоғары әлеуетін көрсетті. Қол қойылған құжаттар өзара сауда көлемін ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және экономиканың перспективалы салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға негіз қалайды.