Қабілетсіз «диплом» – қауіпті тенденция

Қағаз жүзінде ел білім беру жүйесін дамытуда табысты мемлекеттердің қатарына қосылғандай көрінеді. Дегенмен экономистер дәл осы көрсеткіш қазіргі күнде нарықтан көрініс таппай отырғанын айтуда. 

Себебі еңбек өнімділігі баяу, азамат­тар­дың табыс деңгейі біліммен әрдайым сәй­кес келе бермейді. Алдымен статис­ти­каға назар салайық. Мысалы, Ұлттық ста­­­­тистика бюросы мәліметінше, 2025–2026 оқу жылының басында елдегі жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алып жатыр.

«Елімізде студенттердің 99,8 пайызы бө­лігі күндізгі бөлімде оқиды. Жаңа оқу жы­лында университеттерге 208,9 мың та­­­лапкер қабылданған. Ал өткен оқу жы­лында 152,8 мың студент оқуын аяқтап шық­ты», – делінген Ұлттық статистика бю­­росының мәлімдемесінде.

Статистика жоғары білімнің қолжетімділігі де артқанын көрсетеді. Бюро дерегіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 15 жастан асқан әрбір мың адамның 276-сы жоғары білім дипломына ие. Жалпы алғанда, ел халқының шамамен 27,6 пайызы жоғары білім алған.

Демек, диплом көбейді, бірақ оның нақты экономикалық қайтарымы әлсіз. Бұл – бүгінгі күннің ең өткір сұрақтың бірі. Сарапшылардың айтуынша, мәселе білімнің қолжетімділігінде емес, оның сапасында.

«Қазақстанда соңғы жылдары білім беру жүйесі сан жағынан өсті. Балалар көбірек оқиды, университетке түсетіндер саны артты. Бірақ бұл өсім автоматты түрде сапаға айналған жоқ. Бізде жылдар саны білімнің көрсеткіші болып кетті, ал шын мәнінде, бұл тек сыртқы өлшем ғана. Адам капиталы уақытпен емес, нақты дағ­дымен өлшенеді. Егер оқушы мек­теп­тен базалық қабілеттерді меңгермей шық­са, онда ол диплом алғанымен, экономика үшін толыққанды ресурсқа айналмайды. Сон­дықтан бүгінгі мәселе – білімнің ұзақ­тығында емес, мазмұнында. Осы айыр­машылықты түсінбейінше, жүйені өзгерту қиын», – дейді экономист, EconomyKZ сарапшысы Сұлтан Уәлиханов.

Маманның бұл пікірі білім жүйесіндегі негізгі түйінді дәл көрсетеді. Яғни, фор­мал­ды көрсеткіштер мен нақты нәтиже ара­сындағы алшақтық барған сайын ұлғайып барады.

Шын мәнінде, адам капиталы – ауди­тория­да өткізген жылдардың жиынтығы емес. Ол – адамның өмірде қолдана ала­тын дағдылары. Оқу, жазу, есептеу, тал­дау, жаңа технологияны игеру, күрделі ор­­тада жұмыс істеу. Егер осы қабілеттер қа­лыптаспаса, білім беру жүйесі тек фор­мал­ды институтқа айналуы ғажап емес.

Мамандардың сөзінше, мәселе мек­тептің алғашқы сатыларынан басталады. Бала бастауыш сыныптың ортасына дейін еркін оқи алмаса, қарапайым матема­ти­ка­ны түсінбесе, кейінгі білім тек «жыл са­науға» айналмақ. Бұл олқылықтың ор­ны жойылмай, керісінше, мәселе терең­дей түсері даусыз. Себебі соның салдары­нан еңбек нарығына қабілетсіз жұмыс күші тоғытыла бермек.

Бұл жағдай экономиканың өзіне де әсер етеді. Себебі технологияны игеру үшін дайын кадр қажет. Ал дайын кадр бол­ма­са, өндіріс те күрделенбейді.

Сұлтан Уәлиханов бұл байланысты ашық айтады: «Білім жүйесі мен эконо­мика бір-бірінен бөлек жұмыс істеп тұр­ған­дай әсер қалдырады. Мектеп пен уни­верситет өз бетінше өмір сүреді, ал ең­бек нарығы өз талабымен жүреді. Егер эко­номика күрделі дағдыларды талап ет­пе­се, білімнің де құны төмендей бермек. Адамдар оны сезіп-біліп отыр. Сондықтан олар білімге инвестицияны мәжбүрлі түр­де жасайды, бірақ оны стратегиялық құ­рал ретінде көрмейді. Бұл – өте қауіпті тен­денция. Өйткені ұзақ мерзімде ол бүкіл жүйенің сапасын төмендетеді».

Дегенмен сарапшы мәселе тек мектеп­те емес, жалпы жүйеде жатқанын алға тартып отыр. Білім беру саласында тағы бір күрделі түйін – басқару тәсілі. Жаңа мектеп салу, бағдарламаларды жаңарту, есеп­терді көбейту – мұның бәрі сырт көз­ге даму сияқты көрінеді. Бірақ шын сапа сынып ішінде қалыптасады. Мұғалімнің дайындығы, оқушыға берілетін кері бай­ланыс, нақты оқу уақыты – бәрі осы жер­де шешіледі.

Егер жүйе есеп үшін жұмыс істесе, нә­тиже екінші орынға шығып қалары дау­сыз. Мұндай жағдайда қаржының өзі өз­ге­ріс әкелмейді, тек қазіргі әлсіз тепе-тең­дікті сақтап тұруға ғана қауқарлы бол­мақ.

Сұлтан Уәлиханов бұл тұйық шеңберді бы­лай сипаттап берді:

«Мектепте берілетін білім мен дағды онша мықты емес. Ал экономика болса, күр­делі, білікті еңбекті көп талап етпейді. Со­ның салдарынан оқығаныңның пайда­сы да айқын көрінбейді, табысқа тікелей әсері аз. Пайдасы сезілмеген соң, адамдар да білім сапасына аса мән бере бермейді. «Қалай болса да диплом алсам болды» деген көзқарас қалыптасады. Сөйтіп, бұл жағдай қайта-қайта қайталанып, жүйе өз-өзін ұстап тұруы мүмкін. Ең қауіптісі – осының бәрі қалыпты нәрсе сияқты көрі­не бастауы. Егер осы шеңберді бұзбасақ, біз ұзақ уақыт бойы орта деңгейден аса алмай қалуымыз ғажап емес».

Маманның сөзінше, көп жағдайда шешім ретінде стандарттарды жаңарту, бағдарламаларды өзгерту ұсынылады. Бірақ бұл жеткіліксіз, себебі мәселе білімнің мазмұны мен идеологиядағы басымдықта.

Экономикалық зерттеулер көр­сет­кен­дей, ең жоғары нәтиже ерте жаста қалып­тасады. Яғни, баланың алғашқы білім кезеңі – бүкіл жүйенің іргетасы.

«Бастауыш мектеп – ең маңызды ке­зең. Дәл осы жерде бала оқу мен есептеуді то­лық меңгеруі керек. Егер бұл кезеңде ол­қылық кетсе, оны кейін түзету өте қиын. Сондықтан біз бағдарламаны күр­де­лендірудің орнына, керісінше, негізгі дағ­дыларға назар аударуымыз керек. Мұғалімнің сапасы – шешуші фактор. Мық­ты мұғалім кез келген реформадан маңыз­дырақ. Егер ерте даму, базалық дағ­ды және мұғалім сапасы секілді осы үш нәр­сені жөнге салсақ жүйе өздігінен өз­герер еді», – деді Сұлтан мырза.

Тағы бір маңызды мәселе – нәтижені қа­лай өлшейміз деген сұрақ. Қазір көбіне сағат саны, бағдарлама көлемі, қамту көр­сет­кіші есепке алынады. Бірақ бұл білім ошақтары сіңіріп жатқан қабілеттердің нақты көрсеткіші емес. Сарапшылардың пі­кірінше, басты өлшем – білім алушы­лар­дың қаншасы нақты базалық дағдыны меңгерді деген сұрақ болуға тиіс. Әсіресе, әлсіз оқушылардың ілгерілеуі маңызды.

Сарапшы Қазақстан үшін бұл жай ғана бі­лім саласындағы мәселе емес, бұл – эко­номикалық даму моделі туралы таңдау еке­ніне назар аудартып отыр. Себебі ең маңызды екі сұраққа жауап беруіміз қа­жет: қазіргі жүйемен орташа өсімге қана­ғат етеміз бе, әлде адам капиталын нақты драйверге айналдырамыз ба? Қазіргі эко­номикада ұзақ білім алу емес, оны қол­дану қабілеті жоғары бағаланады. Өйт­кені түбінде жетістікке жететін көп оқы­татын емес, тиімді оқытатын елдер бол­мақ.

Кәмила ДҮЙСЕН