Тоқаевтың инвестициялық дипломатиясы: жеті жылда Қазақстанға $162 миллиард тартылды

Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы дипломатиялық байланыстарды нақты экономикалық нәтижеге, жаңа инвестициялық жобалар мен капитал ағынына айналдыруға бағытталған жұмысының ауқымын көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Белгілі экономист Айбар Олжай инвестиция көлемінің динамикасына талдау жасап, соңғы жеті жылдағы «инвестициялық дипломатияның» нәтижелерін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басқарған кезеңіндегі сыртқы саясаттың көзге түсе бермейтін, бірақ экономика үшін аса маңызды бір ерекшелігі бар. Көбіміз оны білмейміз. Мемлекет басшысының шетелдік сапарларының едәуір бөлігі саяси келіссөздермен аяқталмайды. Президент барған елде ірі бизнес өкілдерімен жеке кездеседі, инвестициялық дөңгелек үстел өткізеді, нақты компанияларды Қазақстанға шақырады. Кейін сол келіссөздердің көбісі инвестициялық келісімге, зауытқа, электр стансасына, логистикалық орталыққа немесе нақты капитал ағынына айналған.

Енді осы корреляцияны цифрмен тексеріп шығайық. Ұлттық банктің 2026 жылғы 30 маусымда жаңартылған статистикасы бойынша, Қазақстанға шетелдік тікелей инвесторлардан түскен жалпы инвестиция ағыны 2019-2025 жылдары шамамен 155,8 млрд доллар болды. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 6,3 млрд түсті. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылдың наурыз айынан мемлекет басқарғанын ескерсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанында оның президенттігіне толық 7 жыл толды. Сонда жеті жылда елімізге 162,1 миллиард доллар инвестиция келген. Әр жылда орта есеппен 23 миллиард доллар келіп отырған. Тіпті, жылдар бойынша динамиканы қарап шыға аламыз. 2019 жылы 24,4 миллиард, 2020 жылы – 17,2 млрд, 2021 – 23,8 млрд, 2022 – 28,2 млрд, 2023 – 23,9 млрд, 2024 – 17,9 млрд, 2025 – 20,5 млрд, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 6,3 млрд доллар инвестиция тартылған. Рекорд 2022 жылы қойылған. Дәл сол жылы Президент Тоқаевтың бір күн дамылдамай сапарлағаны есімде. Сонда әр сапар экономикамыз үшін нақты есептелетін доллар болып эффектісін берген. Бұл инвестициялық дипломатияның көзбен көріп, қолмен ұстай алатын жемісі. Елдер бойынша айтсақ. Президенттің Оңтүстік Кореяға, Германияға, Түркияға, Сауд Арабиясына, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалған сапарларынан кейін сол елдерден аққан инвестиция көлемі екі есеге өскен. Ал Қатар және Қытаймен байланыс тіпті феноменалды көрсеткішке алып келді. 2023 жылға дейін Қатардың Қазақстанға инвестициясы небәрі 9 миллион доллар болса, 2025 жылы бұл көлем 1,26 миллиард долларға дейін, яғни 14 есе өскен. Қытайды алатын болсақ, ол тіпті стратегиялық инвестициялық әріптес деңгейіне көтерілді. 2019 жылы Қытай бізге 1,69 миллиард доллар инвестиция берсе, 2025 жылы көрші елден 2,83 миллиард доллар тартылды. Биыл бұл рекорд тағы жаңаруы мүмкін. Бір нәрсені түсіну керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ елінің басшылығына әлемдік экономика ауыр жағдайда тұрған кезде, пандемияда өндіріс пен сауда толық тоқтаған кезде, инфляцияның өршіп, капитал нарығының дағдарысқа ұшыраған уақытында, соғыс басталып Ресейге санкциялар салынған қиын кезде келді. Ол ел басқарған бірде-бір жыл мамыражай болған жоқ. Мұнайдың бағасы барреліне 60-65 доллардан көтерілмей қойды. Бүкіл әлем, тіпті дамыған елдердің өзі артық капитал үшін, инвестициялар үшін қатты таласты. Бұл уақытта жылына 23 миллиард доллар инвестиция тартып отыру Қазақстан үшін ерлікпен парапар еді. Ол үшін әр елдің бизнесімен, нақты бір кәсіпорын директорымен жеке-жеке кездесу қажет болды. Тоқаев бәрінің көңілін тапты. Қазақстанның перспективасы мен болашағына сендіре білді. Құрғақ уәде берген жоқ, нақты сандар мен жол картасын ұсынды. Гарантия берді. Сол кезде инвестор сенді. Және Қазақстанға келгеніне қазір ешбір инвестор өкінбейді. Олар үшін еліміз жемісті болды, нақты дивидендтерін жыл сайын алып жатыр.

Бастысы, Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа инвестициялық картасын жасады. Инвесторлар баяғыдай АҚШ пен Нидерланды ғана емес, Корея, Сингапур, Қатар сияқты жаңа ойыншылармен толықты. Инвесторлар географиясы кеңейді. Осының артында жеті жыл талмай жүгірген еңбек жатыр,- дейді Айбар Олжай.