Бұл – жер қойнауындағы байлықты игеруге деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін жаңа бастама. Өйткені кеңес кезінде, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдары өндіруші кәсіпорындар мол көлемді металдарды ғана алып, сирек жер металдарын жинап алуды мұрат тұтпайтын. Енді мұндай олқылыққа жол берілмеуге тиіс. Президенттің тың тапсырмасы қалай орындалмақ? Бұл салада қандай кедергілер туындап жатыр?
Қазба байлықтың құны
Қазақстан – шикізатқа бай мемлекет. Бұл – ата-бабамыздан қалған ұлы мирас, зор игілік. Бірақ соны мемлекет ұтымды игеріп, ұқсатып жұмсай алып отыр ма? Олай деу қиын. Сол себепті Президент Жолдауда геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту міндетін қойды. Оның пайымдауынша, жаңа кен орындарын бұрынғы заманның әдістерімен іздеу тиімділік әпермейді. Ендеше шашыранды элементтерді табу үшін қазақстандық геология жоғары технологиялық салаға айналуға тиіс.
– Қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс. Ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру керек. Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу, – деген Қ.Тоқаев Үкіметке бұл салада дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуды жүктеді.
Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмалары ел өнеркәсібін дамытудың басым іс-шаралары саналатынын жеткізді.
«Стратегиялық маңызы бар материалдар саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құру қарастырылған. Комиссия бірыңғай өлшемшарттарды айқындап, сирек және сирек жер металдарының тізбесін қалыптастырады. Бұған қоса, Қазақстанды жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялау және Астанада аса маңызды шикізат материалдары саласындағы Ұлттық зертхананы құру көзделіп отыр. Бұл шикізат базасын игерудің басым бағыттарын айқындауға және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады И.Шархан.
Мемлекет басшысы сирек жер металдарын «қазіргі заманның мұнайы» деп атаған-тын. Жалпы, сирек жер металдары (СЖМ) – химиялық қасиеттері ұқсас, табиғатта шашыраңқы таралған 17 химиялық элементтің жалпы атауы. Оларға лантан (La), церий (Ce), празеодим (Pr), неодим (Nd), прометий (Pm), самарий (Sm), еуропий (Eu), гадолиний (Gd), тербий (Tb), диспрозий (Dy), гольмий (Ho), эрбий (Er), тулий (Tm), иттербий (Yb), лютеций (Lu) сияқты периодтық жүйедегі 15 лантаноид элементі, сондай-ақ скандий (Sc) мен иттрий (Y) жатады.
СЖМ заманауи технологияларда, ЖИ мен роботты техникада, электромобиль мен гибридті көлік өндірісінде, жел электр стансалары генераторларында, смартфон, компьютер және басқа электроника өндірісінде, оптикалық талшықтар мен лазерлік технологияларда, қорғаныс өнеркәсібі мен аэроғарыш саласында, аккумуляторлар мен жоғары қуатты магниттер жасауда кең қолданылады.
Мұның сыртында вольфрам, литий, висмут, кадмий, бериллий, ниобий және тантал сирек немесе стратегиялық маңызды металдар санатына кіреді. Бүгінде Қазақстанда металдың 9 мыңнан астам кен орны тіркелсе, соның 100-ден астамында ғана сирек және сирек жер элементтері бар. Елдің шикізат базасының ерекшелігі сол, сирек элементтердің едәуір бөлігі уран, түсті және асыл металдарды өндіру кезінде қосымша компонент ретінде алынады. Бұл кешенді түрде өңдеуді және заманауи технологияларды енгізуді талап етеді.
Өнеркәсіп ведомствосының мәліметіне сәйкес, биыл пайдалы қазбалардың перспективалы жаңа учаскелерін анықтауға бағытталған 25 жоба қолға алынған. Оның шеңберінде жүргізілетін геологиялық зерттеулердің жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайды.
Зерттеулер барысында сирек жер металдары, литий, вольфрам, молибдені болуы мүмкін аумақтарға баса мән беріледі. Президент тапсырмасына сай, бұл жұмыстар кезінде аэрогеофизикалық және геохимиялық әдістер, жерді қашықтықтан зондтау және талдаудың заманауи зертханалық әдістері пайдаланылады. Соның нәтижесінде, мемлекет минералды-шикізат әлеуетін дәлірек бағалайды, ал инвесторлар игеруге болатын аумақтар туралы құрылымды ақпарат алмақ. Осы перспективалы учаскелерде сирек кездесетін металдардың 935,4 мың тонна болжамды ресурстары қазірден анықталды.
Даланың дара байлығы
Жалпы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы вольфрам қоры 2,4 миллион тоннаны құрайды. Висмут қоры – 280 мың, литий – 226,9 мың, кадмий – 74,8 мың, бериллий қоры – 70,7 мың тонна. Ал ниобий қоры 28 мың тоннаға, тантал – 4,6 мың, германий – 4,3 мың және галлий қоры 3,3 мың тоннаға жетеді.
Атап айтқанда, вольфрам Қараоба кен орнында бар. Литий бойынша ең ірі нысандарға Қарағайлыақтас, сондай-ақ Ахмет пен Ахмиров жатады. Молибденнің ірі кен орындары Қарағанды облысында шоғырланған: Көктенкөл, Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпарлы. Абай облысында маңызды нысандардың бірі – Айдарлы.
Бүгінде сирек және сирек жер металдарын зерттеу бағдарламаға енгізілген 11 учаскеде аяқталды. Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі ең перспективалы деп танылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мұнда La, Ce, Nd және Y сирек жер металдардың жоғары болжамды қоры – 935,4 мың тоннасы анықталды. Екінші орында Ырғыз алаңы бойынша С2 санатындағы 795,8 мың тонна қор орналасты. Кеңқұдық, Ржавая Сопка, Миролюбовский, Боқай учаскелерінде де сирек және сирек жер металдарының әлеуеті байқалады.
EUobserver Орталық Азия бойынша тәуелсіз талдаушысы Маркус Шнайдердің айтуынша, электр көлігі, энергетикалық технологиялар, ЖИ, цифрлық инфрақұрылым мен заманауи өнеркәсіптің дамуы сирек жер элементтерінің стратегиялық маңызын күрт арттырды.
– Орталық Азияда бұл тұрғыда минералдық-шикізат базасы жөнінен де, сондай-ақ өнеркәсіптік даму деңгейі бойынша да Қазақстан көш ілгері. Бірақ Қазақстан үшін ендігі маңызды міндет – осы аса қат әрі құнды металдардың тек экспорт көлемін арттыру емес, қосылған құнның басым бөлігін өз экономикасында сақтап қалу болмақ. Осы орайда АҚШ, Қытай мен Еуроодақ Қазақстанмен осы саладағы әріптестігін геологиялық барлау, ғылыми зерттеулер, өңдеу және мамандар даярлау салаларына тарата бастады, – деді М.Шнайдер.
Негізгі өндірістік қуаттарын жаңа қалыптастырып жатқан елдерге қарағанда Қазақстанның өндірістік кәсіпорындары, инженерлік кадрлары және инвестиция құю әлеуеті оған артықшылық әкелді. Әйткенмен сарапшы Президенттің мұндағы олқылықты меңзегеніне назар аудартты: сирек жер металдарын барлау және өңдеу саласында заманауи, озық, төл технологияларын дамыту қажет.
Болашақтағы даму перспективалары кенді терең өңдеумен, тазартылған металдар өндірісін дамытумен, ілеспе элементтерді мұқият бөліп алумен және нақты материалдар жасаумен байланысты. Қазақстан өндірісті арттырумен шектелмеуге тиіс: ел үшін жергілікті өңдеудің үлесін ұлғайту, технологияларды жергіліктендіру және кәсіпорындарды коммерциялық орындылығы мен тұрақтылығы бойынша бағалау маңызды.
Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, Қазақстанның металлургия құрылымында сирек және сирек жер металдарын өндіру небәрі 2,4%-ды құрайды. 2018 жылдан бері салаға 67 млрд теңге қаржы салынған.
Қазіргі кезде Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндірілсе, оның барысында висмут, сурьма, селен және теллур алынады. Сондай-ақ министрлік елімізде галлий мен индийді бөліп алу технологиялары барын хабарлады.
Саланың болашағы зор бағыттарына аккумулятор-батарея материалдарын, ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру және өңдеу, жартылай өткізгіш материалдар өндірісі және тұрақты магниттерді қайта өңдеу жатқызылыпты. Үкімет саланы дамыту үшін 2028 жылға дейінгі «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың кешенді жоспарын» жүзеге асырып жатыр. Ол кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосуды, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуды және шикізатты кешенді түрде өндіріп алу технологияларын енгізуді көздейді.
Қазақстанда сирек металдардан өнімнің жекелеген түрлерін шығару үшін қазірдің өзінде базалық өнеркәсіптік инфрақұрылым қалыптасқан және ол дамытылғалы жатыр. Шығыс және Орталық Қазақстан ең перспективалы өңірлер саналады. Үлбі металлургия зауыты атом энергетикасы мен электроникада сұранысқа ие металдар – бериллий, ниобий және танталды өңдеумен айналысады.
Жезқазғанда «Жезқазғансирекметалл» РМК-сі жоғары температуралы қорытпаларды, химия өнеркәсібінде қолданылатын рений мен осмийді шығарады. Оның сирек металдар цехын жаңғыртуға қаражат бөлінді. Инвесторларды тарту үшін оларға геологиялық ақпарат, сирек және сирек жер металдарының дерекқоры қолжетімді етіліпті.
Бұдан бөлек, Қызылорда облысында «Балауса» фирмасы» ЖШС ванадий концентратын өндірсе, Алматы облысындағы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кендерін игерумен айналысады. Тұтастай алғанда, бұл кәсіпорынның бәрі сирек металдарды бастапқы өңдеудің негізін құрайды. Алайда олардың қуаты мен технологиялық деңгейі әзірге елде терең өңдеудің толық циклін түзуге мүмкіндік бермейді.
Технологиялардың жетіспеушілігі мен техникалық базаның әлсіздігі салдарынан Қазақстан әзірге осы аса құнды металдарды шетелге шикізат түрінде өткізуге көбірек бағдарланған. Сондықтан сарапшылар айтқандай, ендігі басты мұрат – өз технологиямызды дамыту, өңдеу қуаттарын салу және ел ішінде толық өндірістік циклді қалыптастыру.
ERG қатысуымен жылына 15 тонна қуаты бар галлий өндіру желісін іске қосу жоспарланған. Литий-ионды батареялардың қалдықтарын өңдеу жобасы пысықталады. «Сарытоған» графит жобасы дамытылып жатыр. Сондай-ақ Ақсу қаласында электролитті марганец пен марганец диоксидін өндіруге бағытталған марганец хабы қалыптасу үстінде.
Қорыта айтқанда, Президент айқындап берген міндеттер жүйелі жүзеге асып, геологиялық барлаудан бастап терең өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасса, Қазақстан жаһандық технологиялық индустрияның маңызды ойыншысына айналып, ата-баба мұрасын келер ұрпақтың экономикалық қуатына айналдыра алады.
Айхан ШӘРІП








