Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Науаи облысына жұмыс сапарымен барды. Науаи қаласындағы Қазақ мәдени орталығының белсенділерімен кездесу өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Одан әрі Елші Нұрат қаласында орналасқан «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» кесенесі мен «Чачма» мемориалдық кешенін аралады. Атап өтетін жайт, 2024 жылғы 15-16 мамырда көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке бидің 380 жылдығына орай іс-шаралар өткізіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, Дипмиссия басшысы 1966 жылы Терікқұдық кентінің Кенимех ауданында құрылған №14 қазақ орта мектебінде болды. Мектептің оқытушылар құрамымен және елді мекен ақсақалдарымен білім беру үдерісінің мәселелері талқыланды. Кенимех ауданында жұмыс істейтін 36 мектептің 28-інде оқыту қазақ тілінде жүргізіледі.
Науаи қаласына жұмыс сапары шеңберінде Елші Б. Атамқұлов Науаи облысының әкімі Нормат Тұрсыновпен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан өңірлерімен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Химия және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыруға, бірлескен бизнес-форум, сондай-ақ Науаи қаласында Жастар фестивалін өткізуге ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Тараптар Науаи облысы мен оның әкімшілік орталығы (Науаи қ.) мен Қазақстанның өңірлері және қалалары арасында бауырлас байланыстар орнату, сондай-ақ іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату арқылы өңіраралық диалогты дамыту мүмкіндігін қарастырды.
Кездесу соңында Б. Атамқұлов «Науаи» еркін экономикалық аймағына барып, «Науаи тау-кен металлургия комбинаты» АҚ, «Науаиазот» АҚ, «Қызылқұмцемент» АҚ және «Gidro Stanko Servis» ЖШҚ сияқты өңірдің ірі индустриялық кешендерінің қызметімен танысты. Екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту үшін компаниялардың айтарлықтай әлеуеті бар.