CNBC ақпаратына сүйенген Aikyn.kz бүкіл әлем тағатсыздана бақылаған Айдың көлеңкелі жағына ұшу миссиясының сәтті аяқталғанын хабарлайды.
NASA-ның «Артемида II» миссиясына қатысқан төрт астронавт ғарыштағы он күндік сапардан кейін Жерге аман-есен оралды. Orion капсуласы Жер атмосферасына жоғары жылдамдықпен кіріп, Астана уақыты бойынша сенбіде (11 сәуір) таңғы сағат 5.07-де Оңтүстік Калифорния жағалауына жақын Тынық мұхитына сәтті қонды.
NASA-ның «Интегрити» деп аталған Orion капсуласы парашюттердің көмегімен жерге жұмсақ түсті. Бұл миссия барысында экипаж адамзат тарихында бұрын-соңды ешкім жетпеген терең ғарышқа барып қайтты. Жалпы ұшу ұзақтығы 1 млн 117 мың 515 шақырымды құрады. Ұшу кезінде кеме екі рет Жер орбитасын айналып өтіп, Айдан шамамен 6 550 км қашықтықта оның көлеңкелі жағын орап өтті.
Бұл – «Артемида» бағдарламасы аясындағы алғашқы адам мінген сынақ миссиясы болды. Бағдарламаның басты мақсаты – 2028 жылдан бастап астронавттарды Ай бетіне қондыра бастау. Құтқару топтары су бетінде қалқып тұрған капсуланы бекітіп, экипажды шығарып алды. Экипаж құрамында америкалық астронавтар Рид Уайзмен, Виктор Гловер, Кристина Кох және канадалық астронавт Джереми Хансен болды.
Жерге оралу сапардың ең шешуші кезеңінде атмосфераға қайта енген капсуланың сыртқы қабатының температурасы Цельсий бойынша 2760 градусқа дейін жетті. Осы сәтте капсуланы иондалған газдан құралған плазмалық қабық қоршап, бірнеше минутқа радиобайланыс үзілді. Бұл – миссия үшін аса қауіпті кезеңдердің бірі саналады.
Кейін байланыс қайта орнап, бірнеше парашюттер жүйесі ашылып, капсула жылдамдығын шамамен сағатына 25 шақырымға дейін баяулатып, суға жұмсақ қонды.
«Артемида II» 1 сәуір күні Флоридадағы Канаверал мүйісінен ұшырылған болатын. Осы миссия арқылы астронавтар «Аполлон» бағдарламасынан кейінгі алғашқы рет Ай маңына ұшты. Осылайша Виктор Гловер – Ай миссиясына қатысқан алғашқы қара нәсілді астронавт, Кристина Кох – алғашқы әйел, ал Джереми Хансен – Ай миссиясына қатысқан алғашқы америкалық емес азамат ретінде тарихқа енді. Экипаж сапардың ең алыс нүктесінде Жерден 406 771 км ұзап, 1970 жылғы «Аполлон-13» орнатқан шамамен 399 117 км рекордты жаңартты.
Бұған дейін 2022 жылы пилотсыз «Артемида I» ұшырылған болатын. Бұл жолғы сапар NASA үшін осы онжылдықтың соңына қарай Айға адам қондыру жоспарының шешуші бас дайындығы саналады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Айда ұзақмерзімді адам қатысуын қалыптастырып, кейін оны Марсты игеруге апаратын алғашқы баспалдақ ретінде пайдалану.
Жерге оралу Orion кемесінің жылу қалқаны үшін де аса маңызды сынақ болды. 2022 жылғы сынақ миссиясында бұл жүйе қатты қызған еді. Сондықтан инженерлер «Артемида II» үшін түсу траекториясын өзгертіп, жылу жиналуын азайтуға күш салды. Миссияның сәтті аяқталуы Orion кемесінің Айдан қайту жағдайында да сенімді екенін дәлелдеді. Сонымен бірге бұл Boeing пен Northrop Grumman компаниялары әзірлеген SLS зымыранының адамдарды ғарышқа қауіпсіз жеткізе алатынын да көрсетті.
Төменде Артемида II миссиясының ұшырылуы мен ғарыштағы сапары, қонуы кезіндегі түсірілген ғажап суреттер берілді:
1-ші сәуірдегі Артемида-II миссиясы SLS зымыранымен ұшырылды. Фото habr.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Артемида-II миссиясының ішкі құрылымы: Кристина Кох, Виктор Гловер, Джереми Хансен. Ортада отырған – Рид Уайзман. Фото habr.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Артемида-II миссиясының ұшу траекториясы. Фото habr.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Орион кемесінен түсірілген Жердің суреті. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Жер өте алыстан көрінеді. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Канадалық астронавт Джереми Хансен ұйқыдан тұра салып қырынуда, Орион кемесі, 6-сәуір 2026. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Командалық модульдің Калифорния жағалауына бірнеше парашют жүйесінің көмегімен суға жұмсақ қонуы, 11 сәуір Астана уақытымен сағат 05:07. Фото rtvi.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA









