Астанада қысқы спорт маусымы шаңғы тебу фестивалімен ашылады

Астанада биыл дене шынықтыру-спорттық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, барлығы 816 спорттық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарға сәйкес 648 іс-шара өткізілді. Олардың ішінде қысқы маусымның ашылуына орай ұйымдастырылатын дәстүрлі жарыстар бар. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшсі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спикердің айтуынша, шаңғы тебуден фестиваль, шорт-тректен Қазақстан Республикасының Кубогы, конькимен мәнерлеп сырғанаудан Астана қаласының ашық чемпионаты, конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты, шорт-тректен Астана қаласының ашық чемпионаты, жаңа жылдық кешкі мерекелік бұқаралық жүгіру, «Astana run» атты қысқы жүгіру жарысы, қысқы триатлон жарысы және дәстүрлі «Бұрқасын – 2025» шаңғы фестивалі өткізілмек.

Ал 8 желтоқсан күні елордадағы Триатлон саябағында әуесқойлардың қысқы жүгірісі өтеді. Жарыс қатысушылары 10 шақырым қашықтықты бағындырады.