Семейде полиция вейп сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады

Семейде полиция вейп сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Абай облысында полиция қызметкерлері вейптерді таратуға бағытталған жасырын онлайн-дүкеннің қызметін тоқтатты. Жедел топ қылмыстық топтың ізіне түсті. Іс бойынша үш адам ұсталды: ұйымдастырушы, онлайн-дүкеннің әкімшісі және курьер.

Қазіргі уақытта вейптерді заңсыз сату бойынша тергеу жүріп жатыр. Алдымен курьер ұсталды, 20 жастағы Семей тұрғынының көлігін тексеру кезінде 98 вейп табылды. Сонымен қатар полиция онлайн-дүкен иесінің үйінде тінту жүргізіп, тағы 258 заңсыз тауар тәркіледі. Жалпы партия 350-ден астам вейпті құрады.

Тергеу барысында анықталғандай, жасырын дүкен 2022 жылдың басынан бері жұмыс істеп келген, тіпті электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің) сатылуына тыйым салынғаннан кейін де әрекет еткен. Бір күнде бұл заңсыз бизнестен табыс 150 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін жеткен. Басқа мәліметтер ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жарияланбайды.