Петропавлдық жүргізуші полицейлерге бағынбағаны үшін ұзақ мерзімге қамауға алынды

Петропавлдық жүргізуші полицейлерге бағынбағаны үшін ұзақ мерзімге қамауға алынды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы режимінде жұмыс істеуде. Әсіресе оқу орындарының маңында жол қауіпсіздігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Петропавл көшелерінде патрульдеу барысында полицейлердің назары ВАЗ-21063 көлігіне түсті. Темір тұлпарды мас жүргізушінің айдап келе жатқаны болжанды. Жүргізуші тоқтау туралы талапты орындамады. Тәртіп сақшылары оны Залманов көшесінде ұстады. Көлікті 39 жастағы қала тұрғыны басқарған, жолаушылар қатарында – оның әйелі мен туысы болған. Үшеуінен де ішімдіктің иісі шығып тұрды.

Облыстық наркологиялық орталыққа жеткізген кезде ер адам қарсылық көрсетіп, медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Сонымен қатар оның жүргізуші куәлігі тоқтатылғаны анықталды.

– Қазіргі уақытта құқық бұзушы медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 25 тәулік қамауда отыр. Оған қатысты жазасын өтегеннен кейін полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін материал жиналады. Біз мас күйде көлік басқаруға болмайтынын үнемі ескертеміз. Мұндай фактілермен күресу — полиция жұмысындағы басымдықтардың бірі, – деді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Екі күн ішінде облыста 6 мас жүргізуші анықталды. Барлығы 604 түрлі құқық бұзушылық анықталды, олардың ішінде — алкогольді ішудің немесе қоғамдық орында мас күйінде пайда болудың 101 фактісі бар.