Қарағандыда базар аумағында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген автобус жүргізушісі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
“Біз қажетті автотехникалық сараптамалар, тергеу эксперименттерін жүргіздік. Осы ЖКО-ны түсірген бейнебақылау камерасынан, серверден бейнежазба алынды. Жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде және сот сараптамасының қорытындысы негізінде тергеу автобус жүргізушісінің жаяу жүргіншімен соқтығысудың алдын алуға мүмкіндігі болмаған деген қорытындыға келді. Прокуратура келісімі бойынша, бұл қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды”, – деді Қарағанды облысы ПД бастығы Санжар Әділов.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жолаушылар автобусы жаяу жүргіншіні қағып өлтіргені хабарланған болатын. Автобусты 39 жастағы жүргізуші басқарған. Марқұм 45 жаста болған.