Қазақстандық теннисші Александр Бублик турнирдің ширек финалында әлемдік рейтингте 24-орында тұрған франциялық Артур Риндеркнешпен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Матч аса тартысты өтіп, үш сетке созылды. Алғашқы партияда Риндеркнеш 7:5 есебімен басым түскенімен, Бублик екінші сетте қарымта қайырып, 6:4 есебімен таразы басын теңестірді.
Шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші сенімді ойын көрсетіп, қарсыласын 6:2 есебімен ұтты. Осылайша, Александр Бублик камбэк жасап, жартылай финалға жолдама алды. Сонымен қатар, екі спортшы арасындағы өзара кездесулер есебі 2:2-ге теңесті.
Кездесу 1 сағат 54 минутқа созылды. Матч барысында Бублик 8 эйс жасап, 3 қос қателік жіберді. Сондай-ақ ол 6 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланып, шешуші сәттерде жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті.
Енді жартылай финалда Бублик америкалық Лёрнер Тьенмен кездеседі. Ал екінші жартылай финалда норвегиялық Каспер Рууд аргентиналық Мариано Навонепен финал жолдамасын сарапқа салады.









